Басты жаңалықтар

Тазалықтың тәртібі мен тәсілі талқыланды

Ақтөбе – 140

Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына әзірлік қазірден басталды. Қар кетер-кетпестен тазалық мәселесін бірінші орынға қоятын қала басшылығы биыл да жылдағы жүрісінен жаңылған жоқ. Өткен аптада қалалық әкімдікте өткен белсенділер жиынында қала басшысы Архимед Мұхамбетов бұл мәселені шегелеп тұрып айтты. Демек, 1 сәуір мен 1 маусым аралығында мамандандырылған мекемелермен қатар барлық кәсіпорындар, ұйымдар, оқу орындары, ең бастысы, барша жамағат тазарыну барысында дамыл таппайтын болды. Әрине, оны міндеттейтін баптарды кіріктірген қаулыда атқарушы биліктің барлық тетіктері қала тазалығына жұмылдырылатындығы айқын көрсетілген.

Биылғы тазалау былтырғыдан өзгешелеу…

Жиында алдымен сөз алған қала әкімінің орынбасары тазалық пен тазарудың барлық мәселелерін бүге-шігесіне дейін қалдырмай баяндап өтті. Ең алдымен биылғы екі айлықтың былтырғы жылмен салыстырғанда қолайлы жағдайда өткізілетіндігі айтылды. Бірінші кезекте өткен жылы Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарының форумын өткізу барысында қаланы көгалдандыру, сәулеттік келбетін жақсартудың нақты жүйесі жасалғандығы белгілі.

Қаладағы барлық кәсіпорындар, ұйымдар, тұрғындардың басым көпшілігі қатысқан бұл іс-шаралардың нәтижесі тәуір болып, қонақтар алдында зор абырой әперген.

Біріншіден, «Арнаулы автокөлік» АҚ және «Ақжол» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша жұмыстарды түбегейлі өзгертті. Бағыттардың өзгеруі және жаңа жұмыс кестесінің енгізілуі, сондай-ақ арнаулы техниканың қозғалысына қатаң бақылау, кейбір контейнер алаңдарынан күніне 2-3 қайтара қоқыс шығарылуы қоқыстың қордаланып жиналуына мүмкіндік берген жоқ.

Жеке тұрғын үй секторында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша мол жұмыс жасалды. Асау-Барақ және Некрасов көшелерінде қоқыс жинауға арналған ыдыстар қойылды. Көп қабатты үйлер шоғырланған шағын аудандарда қосымша 100 жаңа контейнер орнатылды. Және бұл жұмыстар жалғасуда.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағындағы бақылауды күшейту үшін тәулік бойғы бейнебақылау камералары орнатылды. Және полигонға жеткізетін жолдың асфальт жамылғысын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Көлік өлшеуішті қондыру жұмыстары да жалғасуда.

Екіншіден, әкімдік қала көшелерінде санитарлық күтім жұмыстарын жүргізетін мердігерлік ұйымдардың жұмыстарына қатаң бақылау орнатты. Енді кездейсоқ қоқысты жинау бойынша ұйымдарың жұмысшылары қаланың 112 нысаны мен көшесіне қызмет ететін болады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 25 пайызға артық, – деді Ерхан Омаров.

Қала басшыларының жүзеге асырған тағы бірі ісі жол полициясы басқармасы ауданындағы автокөлік және Кеңес Нокин тас жолы бойындағы құрылыс материалдары мен мал базарын көшіру болғандығы даусыз. Арнайы құрылған комиссия аталған сауда орындарынан көптеген заң бұзушылықтарды анықтағаны белгілі. Атап айтқанда, бау-бақша ұжымдарының жерлері стихиялы сауда және заңсыз кәсіпкерлік қызметтері ретінде мақсатсыз пайдаланылып келгендігі расталды. Ең сорақысы, салық төлеуден жалтару, нысандарды заңсыз салу фактілері толығымен дәлелденді. Қалалық жер қорына қайтарылып алынған жер иелеріне басқа аудандардан тең дәрежелі учаскелер берілген. Енді қалған құрылыс материалдары базарларын көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Ұзын-сонар тексерулер нәтижесінде анықталған олқылықтар көп. Әсіресе, ешқандай рұқсатсыз құрылыс жүргізу, заңсыз кәсіпкерлік, жалдау мерзімі өтіп кеткен учаскелерді пайдалану, санитарлық талапқа сай жұмыс жүргізбеу, жерді өз бетінше алып қою және салықтан жалтару мәселелері қала басшыларын шын ашындырғанға ұқсайды. Бұндай келеңсіздіктер Тұрғындар қалашығы, теміржол вокзалы және Орталық базарда орналасқан сауда нысандарына тән. Осы тексерулер нәтижесінде 37 дүңгіршек иесіне өз нысандарын бұзу туралы хабарлама жіберілген. Бұл талап орындалмаған күнде сауда нысандары күштеп бұзылады. Оның ішінде жарамсыз самсасын самсатып қойған кәсіпкерлердің басына қара бұлт үйіріліп-ақ тұр. Бірақ билік ортақ мәмілеге келген бірқатар сауда нысандары орналасқан учаскелерді жалдау мерзімін ұзартып берді. Алайда ол кәсіпкерлер алты ай мерзім ішінде өз нысандарының сәулеттік келбетін жақсартулары тиіс. Осыған орай қалалық сәулет бөлімі кәсіпкерлерге заманауи жобаларды ұсынған. Егер бұл талап орындалмаған күнде екеу ара келісімді бір жақты бұзудың мерзімі де анық.

Қала басшылары таяу күндері бұзылуы тиіс 15 бірдей нысаннан өзге талапқа сай келмейтін дүңгіршектерді шағын коммуналдық базарларға көшірмекші. Бір ескерерлігі, аталған жұмыстардың барлығы да заң аясында атқарылып жатыр.

Ерхан Омаровтың мәлімдеуінше, бұл шаралардың қаланы тұрмыстық қалдықтардан тазартуға септігі тиері айдан анық.

Жауапкершілік жүгі ауыр

Ресми мәліметтерден белгілі болғандай, қаланы көгалдандырудың нақты шаралар жоспары дайын. Оны орындаушылар мен мезгілі де нақты. Қала әкімінің орынбасарлары үйлестіретін 27 аумақтық учаскеде тиянақтау жүріп жатыр.

Жоспарға сенсек, екі айлық барысында атқарылар жұмыстар шаш-етектен. Бірінші кезекте күл-қоқыстың жөн-жосықсыз үйілген үйінділері жойылады. Көше бойындағы қоршауларға дейін түзетіліп, жақтаулары сырлануы тиіс. Орындықтарды, қоқыс астауларын түгендеу – бір мәселе. Өзен жағалауларын тазарту да назардан тыс қалмаған.

Жалпы, қала әкімінің бұйрығына дейін жауапты қызметкерлер көше-көшені аралап, ынтымақты жұмысты електен өткізіп үлгерді. Ал тұрғындарды тазарту жұмыстарына шығару – басты міндет және тапсырманың жөні де солай.

– Қаладағы кейбір үйлердің «иесі» жоқ. Қараусыз тұр. Сондықтан аумақтық округ төрағаларының орынбасарларына сол үйлерден белсенді, жанашыр адамдарды табу туралы ұсыныс жасалды. Егер бастама көтерген тұрғындар табылар болса, оларға бюджеттен жалақы төлеуге дайынбыз. Қаржыландырудың тетігі еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қаралып жатыр, – деді қала әкімінің орынбасары.

Көп болып шешілетін істе қаланы тазартуды міндетіне алған «Сандор» ӨК, «Горкомхоз сервис», «Өтес», «Санат Ақтөбе», «Ақжол», «Кастор», «Гем», «Жасыл әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Арнаулы автокөлік» АҚ күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Қызметіне таңғы сағат 6.30-да кірісетін жұмысшылар кешкі 20.00-ге дейін тыным таппайды.

Тазалыққа арналған екі айлық мезгілінде қатты тұрмыстық қалдықтар күл-қоқыс полигонына тегін қабылданады. Оларды текшелеп жинау да ақысыз. Қалалық әкімдік таяу күндері облыс орталығындағы 7 экологиялық бекеттің қызметін жандандырмақ. Еңбекпен қамту орталығы арқылы жұмысқа қабылданатын бұл бекет қызметкерлерінің жұмысын «Арнаулық автокөлік» АҚ басшылығы қадағалайды.

Қала басшылары үйілген қоқыстың түгелімен полигонға жеткізілетіндігіне күмәнді. Сондықтан тұрмыстық қалдықтарды уақыт пен жанармайды үнемдеу үшін орта жолға аудара салатын көлік иелеріне де қатаң шаралар қолданылады. Бұл саланы бақылау жол полицейлеріне жүктелген.

Жұмыссыздар азаятын мезгіл

Көктемгі тал егу жұмыстарына да қала әкімінің орынбасары ерекше тоқталып өтті. Бұл шараға қаланың құрметті азаматтарынан бастап мәслихат депутаттарына дейін қатыстыру көзделген. Тал егудің басты шарттарының бірі – жұмысынан айырылған тұлғаларды еңбекке тарту. Сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасына серпін беретін студенттердің көмегі де пайдаланылады. Атқарушы билік тек осы мақсаттарға ғана 3 мыңдай адамның еңбегін пайдаланғалы отыр.

Қала басшыларының жоспарында автокөлік жолдарының кем-кетіктерін бітеу міндеті де тұр. Жоспар бойынша биыл 28 көшенің 26 мың шаршы метр жолы ағымдағы жөндеуден өткізілуі тиіс. Оған шамамен 60 миллион теңгедей қаражат жұмсау жобасы бар. Сондай-ақ, республикалық қазынадан бөлінетін қаражатқа бірқатар көшелердің асфальт жамылғысы толықтай жаңартылады. Қазіргі инвестицияның есебінен жаяу жүргіншілер жолын да қалпына келтіру жоспарланған. Жоспар бойынша аулалар да жамаудан құр қалмайды.

Осындай мәліметтер таратылған соң жобаның тарауларына мән берген қала әкімі Архимед Мұхамбетов қаланы санитарлық тазалау, көгалдандыру мен гүлдендірудің арқасында жұмыссыздық мәселесін жоюға болатындығын қадап айтты.

– Қаланы тазалаудан қалыс қалғандар болмауы қажет. Көшет отырғызу да негізгі жұмыстың бір парасы. Өткен жылдары жылына он мыңдай ғана тал егілетін. Биыл бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттырамыз. Ақтөбе тек халық санымен ғана емес, тазалығымен, көркемдігімен ғана республика қалаларының алғашқы бестігінде болғаны жөн. Биыл орталықтағы ірі-ірі саябақтарды, гүлзарларды «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Ұлы қабырға», Ақтөбе ферроқорытпа және хром қосындылары сияқты іргелі кәсіпорындарға бекітіп береміз. Олар өз кезегінде сол аумақтарды гүлдендірумен қатар жолдарын жөндеуге, жиектастарын жаңартуға септігін тигізулері керек, – дейді қала басшысы.

Ресми мәліметтерге қарағанда, тек көктемгі жұмыстарға байланысты ғана мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылмақшы. Бұл облыс орталығындағы 130 ПИК немесе тұтынушылар кооперативтері және кондоминиумдердің ең белсенді деген 30-40 пайызының кем-кетігін толтырулары қажет. Негізгі жұмыстар әр аптаның төртінші күні өтетін «Таза бейсенбі» және сенбі сайынғы сенбіліктерде жандана түспек.

«Жайқалсын жасыл желек» акциясы кезінде жоғары оқу орындары студенттері мен мектеп оқушыларына де ерекше көңіл бөлінбекші.

Қадағалау мен қырағылық

Әрине, Архимед Мұхамбетовтің санитарлық дәрігерлер мен құқық қорғаушылардан үміт күтетін жөні бар. Өйткені бұл саланың мамандары кінәлілерді анықтап, айыпкерлерді жауапқа тартуға толық құзырлы. Жиын барысында баяндама жасаған қалалық санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау басқармасының басшысы Нұрсұлу Беркімбаева өзі басқаратын мекеме атқарған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Енді соның бірқатар деректерін келтірсек.

Санитарлық жағдайды қадағалаушы мамандар жыл сайынғы тазарту айлығына дейін-ақ 2-2,5 мың жөн-жосықсыз қоқыс төгілген жерлерді анықтайды. Бұл орындары көктемнің алғашқы айларында тазартылғанымен, баяғы күйіне түсетін мезгілі де әрқашан көп күттірген емес. Осындай келеңсіздікке жол берген бес жүзден аса тұлғадан өткен жылы 7 миллион теңгедей қаражат өндіріліпті. Жауапқа тартылғандар тізімі ұзын-шұбақ. Алайда бас санитар 10-50 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл төлеуге мәжбүр болған «Элтита-2004»,» Анвар», «Санжар», «Тэк Батыс» серіктестіктерін тізбелеп шықты. Биылдың өзінде басқарма қызметкерлері 15 жеке және заңды тұлғаның тазалық сақтауға қатысты заң талаптарын бұзғандығын анықтап, дер кезінде шара қолданған. Тазалық мәселесінде тұрмыстық қалдықтар алаңқайын шектен тыс толтыруға бейім жеке кәсіпкерлердің әрекеттері де сынға ілікті. Сонымен қатар қаладағы қоқыс астауларының 32 пайызын жаңарту керектігі айтылды.

Қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Есен Есмаханов болса бей-берекет сауда жасаушылар мен заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындардың, жол тәртібін бұзушылардың қоғамға келтіретін зиянды тұстарын айтып берді. Заңсыздықтарды анықтау мен айыптыларды жазалауға әманда дайын екендіктерін білдірді.

Ал қалалық мәслихат депутаты Муслима Әбдірахманова «Нұр Отан» ХДП мүшелерінің биылғы тазалық айлығында ерекше белсенді болатындығын айтып, көпшілікті осынау игі істе бейтарап болмауға шақырды.

Тойдың боладысы қызық…

Қала әкімі биыл қаржылық дағдарысқа қарамастан облыс орталығында ауқымды іс-шаралардың жүзеге асырылатындығын айтты. Әсіресе, 140 жасқа толатын қаланың мерейтойына дайындық басталып та кеткені рас. Оның үстіне, тамыз айында Елбасының қатысуымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақтөбеде батыс аймақ облыстарының басын қосатын үлкен семинар өткізбекші. Ал қаланың тойы да осы шамаға шегерілген. Сондықтан да жергілікті биліктің қарбаласы қауырт. Осы аралықта 30-40 кәсіпорынның құрылыс аяқталып, құрметті қонақтардың келуіне орай пайдалануға берілмекші. Қазірдің өзінде халық саны 400 мыңнан асқан қаланың әлеуметтік инфрақұрылым саласына «тәбеті» жақсы.

– Республикалық қазынаға төрт бағытта қолқа салдық. Барлығына ортақ міндет – жұмыссыздықпен күресу.

Біріншіден, облыс орталығындағы жетпістен аса мектеп пен отыз шақты балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін 1 миллиард теңгедей қаражат қажет.

Екінші, автокөлік жолдарын жөндеуге де қаржы сұрап отырған жайымыз бар. Былтыр бұл салаға республикалық бюджттен 1,5 миллиард және облыстық қазынадан 500 миллион теңге бөлінгені белгілі. Биыл осы шамадан ассақ жақсы болар еді. Алдымен ол сомаға қоғамдық көлік жүретін жолдар жаңартылып, жалпы жұмыс ауқымының 90 пайызын қамтыр едік.

Инженерлік жүйелерді жаңартуға 4-5 миллиард теңгедей қаржы сұратып отырмыз.

Соңғысы, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша студенттерді жұмыспен қамту. Аталған жобалар бойынша жаңадан он екі мыңдай жұмыс орны ашылады, – деді қала әкімі.

Қала басшылары биыл теміржол вокзалы алаңқайын да тәртіпке келтірмекші. Атап айтқанда, ол жердегі автотұрақ кеңейтіліп, полиция бекеті қоныс тебеді. Жапсарлас үйлердің алды жөнделеді.

Сайып келгенде, биылғы тазалықтың екі айлығы ауқымды жұмыстарға толы. Бірақ көпшілік халқымыздың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидасын ұстанғандары жөн сияқты. Биліктегілердің мүддесі – осы.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button